Бүгін қызылша зауыты қабылдау бекетіндегі қақпасын кеш ашты. Шалғай аудандардан келген шаруалар таңғы тоғыздан есігіне елеңдеумен болды. Кәсіпорын табалдырығын торуылдаған елдің талабынан кейін сәске түсте көліктер кіре бастады. Жұрт өнімді өткізу күннен күнге қиындап бара жатқанын айтады.
"Кіргізбей жатыр. Біз күніне 3 машина, 4 машина әрең кіріп жатырмыз. 4 "Камазды" есептесеңіз шамамен 25-28 тоннадан. 250 тонна күніне қабылданады дейді. Ол қабылданып жатқан жоқ." Ғабит Тәжібаев, шаруа
Биыл өңірде қызылша еккен диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алқап ауқымы 11 мың га-дан асып, өнім 640 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғыдан үш есеге көп. Ал қызылша қауымдастығы келер жылы егіс көлемін 15 мың га-ға жеткізбек. Сондықтан Жамбылдағы жалғыз зауыттың шамасы келмейтінін айтады, деп жазады qazaqstan.tv.
Биыл енді рекордтық жиын-терім болды дейміз, 1 млн — 1млн 200 тонна қант алатын болсақ, 20-30% Қазақстанды қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сол үшін қант зауыттарды аштыру керек. Мына өзіміздің "Тараз қант зауытын" неге аштырмай отыр? Соны аштыру керек, 2025 жылы толық қуатта жұмыс істеу керек. Саха Манатов, облыстық қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы
Ал Меркі зауыты күніне 5,5 мың тонна қызылша қабылдап жатырмыз дейді. Кірген көліктер қабылдау құрылғысын бұзып кеткендіктен бүгін жөндеу жұмысына байланысты кеш ашылған. Күнделікті кептеліс қарашаға дейін жалғасатынын айтады. Ал аймақ атқамінерлері "Тараз қант зауытын" келесі жылдан бастап қант қызылшасын қабылдауға көндіріпті.
"Оны толықтай модернизациялау керек. Қант құрағынан қант қызылшасына модернизациялау үшін бір жылдай уақыт кетеді. Қазір қант зауытының басшылығы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, жылдың соңына қарай модернизациялауға кіріседі." Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары
"Меркі қант зауыты" 350 мың тонна ғана өнім қабылдай алатынына қарамастан тағы 100 мың тонна қызылшаны артығымен алмақ. Науқан басталғалы бір жарым айда 171 мың тонна түбір қабылдаған. Жауаптылар күн күрт суытса, қант қызылшасын Қырғызстанға жібермек.