Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр.
"Бес жыл бұрын Бұқтырма бөгеніне көпір салу туралы тапсырма бердім. Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты. Көпірдің құрылысы аяқталды, бірнеше күн бұрын ресми түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осылайша, шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақсартады. Жалпы, сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін", – деді Президент.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылып отыр. Оның айтуынша, Батыс Қазақстанда сонау Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар бар. Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар әуе қатынасын дамыту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жақында Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылады.
Президент экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.