Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек нысанның дайындық деңгейі және мегаполистің көлік жүйесін одан әрі дамыту келешегі туралы баяндады.
Бүгінгі таңда LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталды. Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.
Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станса кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарлануда. Қозғалыс аралығы 4-5 минутты құрайды. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны күтіледі, бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша, көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған.
Станса аумағында Премьер-министр құрылыс барысында қолданылатын технологиялық шешімдермен танысты.
Жобаны іске асыруға жоғары стандарттарды сақтауымен танымал қытайлық жетекші компаниялар тартылған. Сондай-ақ CRSCInternational, CASCO, HUAWEI Smart Transport BU компаниялары көлік жүйесінің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын байланыс, дабыл және автоматтандыру жүйелерін реттеуге қатысады.
Қосалқы мердігер компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй инновациялық технологиялар қолданылып жатқанын баяндады. Жоба аяқталғаннан кейін жеңіл рельсті желі бойымен жүргізушісіз пойыздар іске қосылады.
"City Transportation Systems" ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Пилотсыз пойыздарды сынақтан өткізу үшін қосымша 6 ай қажет.
Олжас Бектенов жобаның сапасы мен іске асырылу мерзімдерін бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
"Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлуде. LRT жобасы бойынша инфрақұрылымды дайындау жөнінде қыруар жұмыс жүргізілді, қаражат бөлінді. LRT елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді, оны бәсеңдетпеу маңызды. Жоба ең жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керек. Әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейтілуі тиіс. Нәтижеге жұмыс істейтін боламыз", — деді Премьер-министр.