Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, заң жобасында қазақстандық қорғаныс жүйесі үшін "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" және "ерікті" деген жаңа ұғымдар енгізілуде. Өзін-өзі қорғау құрылымдарын әскери жағдай кезеңінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдары құрайды.
"Еріктілер жауынгерлік тапсырмаларды, қамтамасыз ету тапсырмаларын және көмекші тапсырмаларды орындайды. Жауынгерлік міндеттерді Қорғаныс Министрлігі қамтамасыз ететін болады. Қамтамасыз ету және көмекші міндеттер жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады", — деді Сұлтан Камалетдинов.
Еріктілер деп өзін-өзі қорғау құралымдарына ерікті негізде қабылданған Қазақстан азаматтары түсініледі. Олардың қатарында өзін-өзі қорғауды қалыптастыру кезінде Қарулы Күштер қатарына шақырылмаған жұмылдыруға жататын және жатпайтын адамдар болады. Олар елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзету және қорғау, қорғаныс құрылыстарын салу, эвакуациялық іс-шараларды жүргізу және басқа да міндеттерді орындауға тартылатын болады. Еріктілерден өзін-өзі қорғаудың жекелеген құрылымдары жауынгерлік міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің құрамына енгізілуі мүмкін.
Негізгі заң жобасының мақсаты елдің қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында республика аумағын қорғау болып табылады.
Ілеспе жобамен ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және бес заңға түзетулер енгізіледі. Олар аумақтық қорғаныс саласындағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекітеді.