Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, сала ардагерлері, ата-аналар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сурет: Тараз әкімдігінің медиа орталығы
Ең әуелі аймақ басшысы ізгі тілегін жеткізіп, мектеп оқушыларына интерактивті панелді тарту етті. Бұдан кейін оқу ошағының лентасы қиылып, қонақтар мектеп ғимаратын аралап көрді.
Сурет: Тараз әкімдігінің медиа орталығы
1 200 балаға арналған жаңа үлгідегі оқу ордасында білім алушылар мен педагогтерге барлық қауіпсіз және жайлы жағдай жасалған. Мұнда мұғалімдерге қажет жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта бөлімдер жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен жабдықталған. Сондай-ақ ғимаратта 256 орынға арналған мәжіліс залы, 59 оқу бөлмесі, 344 орынды асхана, 2 спорт зал, 3 зертхана, 1 кітапхана, 4 шеберхана, робототехника, 10 коворкинг орталығы, "STEM", графика, 2 лингафон, 2 компьютерлік және жобалау кабинеттері орналасқан.
Сурет: Тараз әкімдігінің медиа орталығы
Қазіргі таңда білім ұясына №64 мектептен 3 педагог ауысу тәртібімен, 28 ұстаз конкурстық негізде жұмысқа қабылданған.
Еске сала кетсек, бұған дейін "Бәйтерек" (13) шағын ауданында да "Жайлы мектеп" ашылған болатын. Бұдан бөлек, аталған жоба шеңберінде "Шөлдала" алқабында 600, "Ұлы дала" шағын ауданында 2 000 орынды білім ошағының құрылысы жүруде.
Сурет: Тараз әкімдігінің медиа орталығы
Кездесуден соң қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.