Жаңа ғимараттың салтанатты ашылуына қала әкімі Азамат Бекет, ақсақалдар, көп балалы аналар, сондай-ақ Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша семинарға келген мамандар қатысты.
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігі
Қала әкімі Азамат Бекет барлық қатысушыларды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады:
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігі
"Бүгін біз сіздермен бірге маңызды оқиға - қаламыздағы отбасын қолдау орталығының екінші ғимаратының ашылу салтанантына жиналып тұрмыз. Біздің қаламызда екі жыл бұрын Отбасын қолдау орталығының алғашқы ғимараты Алтын орда шағын ауданында ашылған болатын. Осы екі жылда орталықтың қызметі қаламыздағы көп балалы отбасыларға, жалпы қоғамға қажет екені көрінді. Ол жерде екі жылда әртүрлі проблемаларымен жүгінген 10 мыңға жуық адамға қолдау көрсетілді. Міне, енді екінші ғимаратты осы Есет батыр тұрғын алабынан ашып отырмыз. Бұл да қаланың жаңа ауданы, бұл алапта 70 мыңға жуық халық тұрады. Жаңа орталық аумағы 670 шаршы метр, барынша заманауи сұраныстарға сәйкес жабдықталып жатыр. Осы аймақтың тұрғындарының игілігі үшін табысты қызмет атқарады деп ойлаймын. Бұл жаңа орталық отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл орталық әлеуметтік қолдауға мұқтаж, өмірде қиындықтарға тап болған жандар үшін жан-жақты көмек көрсетеді. Орталықта мамандығы жоқтарға 9 түрлі курс бар. Тігін, қолөнер, массаж, кондитер, шаштараз болуды үйретеді. Және ол үшін ешқандай ақы талап етпейді, бәрі — тегін. Аяқтаған соң сертификат беріледі. Мысалы, тек биыл 1000 адам мамандық алып шыққан. Бір адам өзі қалаған бірнеше кәсіпті меңгеріп шығуына мүмкіндігі бар. Бұл жерде сонымен қатар, тұрғындарымызға түрлі бағытта консультациялық кеңестер, құқықтық көмек, сондай-ақ психологиялық және әлеуметтік реабилитация секілді кешенді қолдау көрсететін болады".
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігі
Отбасын қолдау орталығының ашылуы - Қазақстандағы отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға және қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған маңызды қадам. Орталық тұрғындардың ең өзекті мәселелері бойынша жедел көмек көрсетіп, мамандармен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігі
Жаңа филиалдың қызметі психологиялық, заңгерлік көмек, логопед маманның қызметін және әртүрлі курстарға оқытуды қамтиды. Сонымен қатар,әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, дағдарыс орталықтарын қолдау сияқты маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. Бұл бастама қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және отбасылық мәселелерге жауапкершілікпен қарауға септігін тигізеді.