Нашақорлықтың алдын алу және жастарды есірткіге қарсы күресуге шақыру мақсатында ұйымдастырылған облыстық форумға аймақ басшысы Серік Шәпкенов, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиева, облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов, полиция департаментінің басшысының Нұрхат Оразбаев, денсаулық сақтау басқармасының психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос Қыдырсихов және 500-ге жуық жас қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Президентіміз халыққа Жолдауында: "Маңызды міндеттің бірі – есірткімен күрес, ұлттық генофондын сақтау мәселесі. Есірткісіз қоғам құру - Қазақстанның әрбір азаматының алдында тұрған басты міндет" - деп атап көрсетті. Жастар – мемлекетіміздің болашағы. Бірақ, сол болашақтың дені сау, қуатты болуы үшін бүкіл қоғамды есірткімен күреске жұмылдыруымыз керек. Нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау, жергілікті атқарушы органның не медицина мамандарының міндеті емес, баршамызға ортақ іс. Осы форум ашық диалогтың, жаңа бастамалар мен нақты әрекеттердің бастауы болсын. Бірге әрекет еткенде ғана әр азамат үшін денсаулық, саналы таңдау және қауіпсіздік құндылықтары бар елді құра аламыз", - деді С.Шәпкенов.
Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Нұрхат Оразбаев құқық қорғау органдарының есірткімен күресте атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, жастарға ерекше үндеу жасады.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Ел болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі. Қоғамды зиянды әдеттерден қорғау – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың, саналы түрде таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты. Ұлы Абайдың "Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға" деген сөзіндей, өмірлік жолдарыңызда дұрыс қадам жасап, тәртіпке бағынған кезде ғана болашақтарыңыз жарқын болады", - деді Н.Оразбаев.
Ал облыстың бас прокуроры Бауыржан Жұмақанов есірткімен күресте жүріп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Ол қылмыспен күресу және оның алдын алу, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша бекітілген үш жылдық ведомствоаралық кешенді жоспарлар аясында жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиева есірткі заттарын қолданғандар мен тасымалдағандар ауыр қылмыс түрін жасаушылар санатына жатқызылып, Қылмыстық кодекстің 297 бабымен 5-10 жылға, ірі көлемде болса 6-12 жылға, аса ірі не үлкен топ болса, электронды ресурстармен өткізсе 10-15 жылға дейін, білім беру ұйымдарына өткізсе 15-20 жылға не өмір бойына бас бостандығынан айырылатынын жеткізді.
Денсаулық сақтау басқармасының психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос Қыдырсихов есірткіге тәуелді азаматтардың 37%-ы 18-35 жас аралығында екенін атап өтті.
Форумда "Хақ-Назар" қоғамдық қорының төрағасы Нұржан Джакупов, дүниежүзілік психиатрлық қауымдастықтың өкілі, ДДҰ психикалық денсаулық мәселелері жөніндегі консультанты Николай Негай, блогер Валерий Канапин, "Жаңа уақыт" қоғамдық қорының төрайымы Назымгүл Қайсағалиева, кәсіпкер және қоғам белсендісі Арыстан-Баб Құрмаш, қалалық мәслихат депутаты Ануарбек Батаев сынды спикерлер тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараға қатысушылар есірткіге қарсы күресте ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы жаңа ұсыныстар мен идеяларды талқылады.
Форум облыстық әкімдік пен полиция департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Тікелей эфирді өңірдегі университеттер мен колледждердің студенттері, сондай-ақ 30 мыңға жуық көрермен қарады.
Анықтама үшін: Есірткіні сақтау және өткізудің ауыр қылмыстары екі есе артты. Ал 94 адамға қатысты сот үкімі күшіне енген. Құқық қорғау органдарымен барлығы 284 кг астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленді. Облыстық психикалық денсаулық орталығында динамикалық бақылауға 530 адам алынды.