Тоқаев баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының құттықтау мәтінін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қадірлі баспасөз қызметкерлері!

Сіздерді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын!

Бұл мереке – елімізді өркендету және мемлекеттігімізді нығайту жолында еңбек етіп жүрген баспасөз өкілдеріне деген шынайы құрметтің белгісі.

Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған. Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз. Газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірін, негізінен, мерзімді баспасөз арқылы білдіреді. 

Елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткен. Аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді. Олар шынайы ақпарат таратып, жалпыұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға белсене атсалысып жүр.

Газет-журналдарымыз алдағы уақытта да жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға және ел бірлігін нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін.

Баршаңызға шығармашылық шабыт, бақ-береке тілеймін!", - деді Тоқаев.


Молния

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

2026 жылы АЕК, ең төменгі жалақы және зейнетақы қандай болады

Қызылорда облысында екі ірі есірткі алқабы анықталды

Елімізде жыл басынан бері адам саудасына байланысты 72 қылмыс анықталды

Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам тірідей жанып кетті

Мемлекеттік басшысы кәсіби мереке қарсаңында медицина қызметкерлерін марапаттады