Бұл туралы ҚР Президенті ТРК директорының орынбасары қатысқан халықаралық ақпараттық агенттіктердің басшыларымен кездесуде айтылды. Оның жаһандық сын-қатерлер аясында, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуды қалай ынталандыру туралы сұрағына, Ресей президенті Владимир Путин мұқият жауап берді.
"Бізде Қазақстанмен ерекше қарым-қатынас бар. Бұл айқын, мұны бәрі жақсы түсінеді. Бұл – одақтастық қарым-қатынас сөздің тура мағынасында. Ортақ тарихымыз, бір мемлекеттің құрамында болғанымыз, адамдар арасындағы жеке әрі гуманитарлық деңгейдегі терең байланыстар — мұның бәрі аса маңызды. Қазақстан ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сынды іргелі интеграциялық бірлестіктердің мүшесі, бұл фактор екіжақты байланыстарды нығайтуға ықпал етіп отыр, — деді В. Путин.
Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара — әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара екенін атап өтті.
"Тағы да атап өткім келеді: Қазақстан – біз үшін ең жақын мемлекеттердің бірі. Бұл — біздің одақтасымыз. Қарым-қатынастарымыздың дамуына кедергі келтіретін ешқандай мәселе көріп тұрғаным жоқ, тіпті ешқандай,- деді ол.
Мұнымен қоса, ол Мәскеу мен Астана ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздестіруді жалғастыратынын айтты.
"Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен үнемі кездесіп тұрамыз. Ол бізге келеді, мен де Қазақстанға үлкен ықыласпен барамын. Үкімет, министрліктер, соның ішінде Сыртқы істер министрліктері деңгейінде кеңес беру және өзара іс-қимыл үздіксіз жүріп жатыр— деп түйіндеді Ресей Президенті.
Бұған дейін Әшімбаев өз мақаласында "еститін мемлекеттің" жаңа институты – Ұлттық құрылтайдың қандай мақсатпен құрылғанын айтып берген болатын.