Қазақстандық қыздардың бірі концертке кәмелетке толмаған көп волонтердің тартылғанын және бұл заңның өрескел бұзылуы екенін айтты.
Оның айтуынша, волонтерлер концерт өтетін жерге таңғы сағат 11-де шақырылған.
"Ережеге сәйкес, тамақ пен сусын әкелуге тыйым салынды. Волонтерлерге су берілді, ал тамақты тек кешкі сағат жетілер шамасында ғана ұсынды! Барлық уақыт бойы волонтерлер 35 градус ыстықта орындарында кезекшісіз, демалыс пен түскі үзіліссіз тұрды. Концерт біткен соң, түнгі 22:30-да кәмелетке толмаған балаларды стадионды жинауға қалдырды. Яғни, таңғы 11-ден түнгі 23-24-ке дейін волонтерлер 12 сағаттан артық үзіліссіз жұмыс істеді. Ал концерттің сыртқы периметрінде жұмыс істегендер мүлде концертті көрмеді", - деп жазады ашынған қала тұрғыны.
Белгілі болғандай, бұл жұмыс үшін оларға тек алғыс хат беруге уәде етілген.
"Сонымен қатар, ертерек кетуге немесе сұхбат беруге қатаң тыйым салынды, әйтпесе "қара тізімге" енгіземіз деп қорқытты. Айта кетейін, мұндай "үнсіз әрі тегін жұмыс күшін пайдалану" қаладағы барлық ірі іс-шарада тұрақты түрде болып тұрады. Балалардың құқығы бұзылып жатыр, ал ұйымдастырушылар персонал жалдауда айтарлықтай үнемдейді", - делінген Threads желісіндегі жазбада.
Бұл мәселе қоғам назарын аударды. Дегенмен, бәрі бірдей наразы болмаған. Әлеуметтік желілерде жағымды пікірлер де кездеседі — кейбіреулерінде су да, тамақ та болғанын айтады.
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева түскен шағымдарға жауап берді.
"Алматыдағы концертке кәмелетке толмағандарды волонтер ретінде тарту мәселесі бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне және уәкілетті органдарға барлық мән-жайды зерттеп, тиісті шаралар қабылдау үшін өтініш жолдадым", - деп жазды Зәкиева 12 тамыздағы Facebook-тегі жазбасында.
Айта кетейік, 2025 жылғы 10 тамызда Алматыдағы Лопестің шоуына 20 мыңнан астам адам барды. Олардың арасында 35-тен аса елдің қонақтары мен сегіз мыңнан астам шетелдік турист болды.