Оның айтуынша, педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады.
"Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық "Алтын белгі" иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық "Алтын белгі" иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес",- деді ол.
Сондай-ақ, Тоқаев өткен оқу жылында оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алғандығын атап өтті.
"Бұдан бөлек, халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленді. Бұл, әрине, ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мен жақында осындай бір топ оқушыны Ақордаға арнайы шақырып, марапаттадым. Олар қазақтың зияткер ұлт екенін бүкіл әлемге танытып жүр. Жалпы, нақты жетістіктер аз емес. Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, алда атқарылатын шаруа одан да көп. Осы орайда, бүгін оқу-ағарту саласына қатысты бірқатар ойымды ортаға салғым келеді". Мемлекет басшысы
Мұнымен қоса, ол білім сапасын жақсарта түсу қажет екенін атап өтті.
"Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал",- деді ол.
Оның айтуынша, дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі, білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Сондай-ақ, Тоқаев қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіруді маңызды міндет ретінде атады.
"Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі – бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. "Келешек мектептері" жобасының негізгі мақсаты да – осы". Мемлекет басшысы
Бұған дейін елімізде соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өскендігін жазғанбыз.