Сот анықтағандай, айыпталушы Б. Қостанай облыстық әлеуметтік арнайы қызметтер көрсету балалар орталығында тәрбиеші болып жұмыс істей жүріп, 2025 жылғы 14 наурызда кәмелетке толмаған К.-ға жеңіл дене жарақатын салған.
Қыздың денсаулығына жеңіл зиян келген.
Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушы Б.-ға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Айыпталушы Б. кінәсін толық мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдерді дауламаған және оларды сотта зерттеуде талап етпегендіктен, іс қысқартылған тәртіпте қаралды.
Сот айыпталушының шын ниетпен өкініп, асырауында кәмелетке толмаған баласының барын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Жағдайды ауырлататын жайттар анықталмады.
"Осыған байланысты сот істің барлық мән-жайын ескере отырып, айыпталушы Б.-ға 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтер атқару құқығынан айыру жазасы кесілді. Жазаны өтеу мерзімінде пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тарту шарасы қолданылды", - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.