Қадағалау органының хабарлауынша, "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру және құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Қылмыстық кодексіне 125-1-бап енгізілді. Ол неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.
"Неке – ерікті одақ, ол тек екі жақтың келісімімен ғана жасалады. Күшпен мәжбүрлеу, әсіресе қысым көрсету, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық – бұл адам құқығын өрескел бұзу. Көп елде мұндай әрекет ауыр қылмыс саналады, себебі ол оқшаулауға, зорлық-зомбылыққа, тіпті жәбірленушінің өз-өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін. Кейбір мемлекеттерде мұндай әрекет адам саудасының бір түрі ретінде танылады", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, кейінгі 5 жылда Қазақстанда осы сипаттағы 257 қылмыстық іс тіркелген, оның 95%-ы қысқартылған.
Жаңа нормаларға сәйкес, қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, зорлық немесе өзге де қысым арқылы неке қиюға мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін, ал ауыр зардаптарға әкелген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Сонымен қатар ҚР ҚК 125-бабына өзгерістер енгізілді. Енді жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда істі тоқтату мүмкіндігі алынып тасталды.
"Әйелді мәжбүрлі некеге тұрғызу мақсатында ұрлау фактілері Қылмыстық кодекстің 125-бабы және жаңа 125-1-бабы бойынша қоса қаралады", - деп түйіндеді Бас прокуратура.