Министрдің айтуынша, Маңғыстау облысының сұйытылған газға ай сайынғы қажеттілігі шамамен 18 мың тонна. Соңғы екі жылда бұл көлем өзгермеген, алайда газ құю бекеттерінің саны артқан.
"Бұрын бұл көлем шамамен 300 бекетке бөлінсе, қазір 500 бекетке таратылып отыр. Соған сәйкес, әр бекетке бөлінетін көлем азайды. Нәтижесінде кейбір АГҚС екі-үш күн ғана жұмыс істеп, содан кейін уақытша жабылып қалады. Қазіргі жағдай осындай. Дегенмен бүгінде Маңғыстау облысында екі тәуліктік газ қоры бар, зауыттар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, тапшылық орнын толтырып келеміз", – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, өңірде көлік кезектерінің жаппай жиналуы байқалмайды, тек жекелеген бекеттерде ғана осындай жағдай тіркелген.
Бұған дейін Сәтқалиев еліміздегі алғашқы АЭС-ке атау беру кезіндегі негізгі критерийлерді атап берген болатын.