Қарлығаш Жаманқұлова адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейту туралы ұсынысына оралды.
"Мемлекет пен оның органдары туралы айтқанда, біз ең әуелі адамдардың тағдырымен күн сайын бетпе-бет келетін билік туралы айтамыз. Қарапайым адам үшін дәл осы мемлекеттік шешімдер, рұқсаттар, тыйымдар, тексерулер немесе формалды жауаптар көбіне жұмыс істеу, білім алу, емделу немесе өз мүлкін қорғау мүмкіндігін айқындайды", – деді ол.
Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы – құқықтық мемлекеттің және құқықтар мен бостандықтардың декларативті емес, нақты мазмұнының негізгі элементтерінің бірі.
"Қазақстандықтар жария әкімшілік қызметінен келтірілген залал үшін лайық өтемақы алуға тиіс. Егер азаматқа әділетсіздік жасалса, ол жұмсаған уақыты, қаражаты немесе моральдық зияны үшін өтемақы алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сонымен қатар мұндай конституциялық кепілдік азаматтарды қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз шешімдер қабылдау мен құқыққа қайшы әрекеттер жасау тәуекелін азайтып, тұрақты алдын алу әсерін де береді", – деді "Әділ сөз" халықаралық қорының жетекшісі.
Ол сот мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттерін заңсыз деп таныған жағдайда, азаматтарға осындай өтемақы алу мүмкіндігін кепілдендіру қажет екенін атап өтті.
"Мұндай кепілдікті дәл Конституция деңгейінде енгізу Қазақстанның әрбір азаматының құқық субъектілігін конституциялық деңгейде мойындау болмақ. Осындай норманы енгізу арқылы жаңа Конституция жобасы азаматқа бағдарланған, адамды, оның мүддесі мен құқықтарын басты орынға қоятын құжатқа айналады. Сондықтан Конституцияға әрбір азаматтың мемлекеттен мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері не әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы туралы норманы енгізу ұсынылады", – деді Қарлығаш Жаманқұлова.