Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздің газ бойынша ресурстық базасы шамамен 3,8 трлн текше метрді құрайды. Ал жылдық газ өндіру көлемі шамамен 60 млрд текше метр деңгейінде.
"Жылдық газ өндіру көрсеткіштері сырттай қарағанда жеткілікті болып көрінгенімен, бүгінде елдің ішкі тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жетті. Қазіргі уақытта елді газдандыру деңгейі 64,2%-ды құрайды. Соңғы жылдары елімізде газ тұтыну көлемінің қарқынды өсімі байқалуда", – деді Жаңбыршин.
Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев газ өндіруге қатысты болжамды мәліметтермен бөлісті.
"QazaqGaz компаниясының ресурстық базасында 14 нысан бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Болжамды көлемі – 115 млрд текше метр газ. Сонымен қатар Геология комитетімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, QazaqGaz портфелін 30 нысанға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мұнда ірі әрі басым газ кен орындары қарастырылған. Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі тарапынан шамамен 50 нысан аукционға шығарылады – бұл газ қоры бар учаскелер. Бұл газ саласына инвестиция тартуға оң әсер етеді деп ойлаймын. Қазір жаңа зауыттар салынуда. 2026 жылдың соңына дейін Қашағанда зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа ірі зауыт шамамен 2,5 млрд текше метр газ өндіретін болады. Сондай-ақ Жаңаөзенде келесі жылы "ҚазГПЗ" зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі", – деп толықтырды Тұтқышбаев.
Бұған дейін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Мәжілістің кулуарында жанармай бағасын өсіруге мораторийді алып тастау мәселесі әлі қаралмайтынын, бұл шешімді оның тоқтатылуы немесе ұзартылуын үкіметтің қабылдайтынын хабарлады.