Ведомствода еске салғандай, реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтерін көтеруге мораторий күшінде тұр. Бұған электр энергиясы, жылу, су және су бұру қызметтері жатады. Мораторий мерзімі ішінде ТМРК тарифтерді қайта қарамаған және көтермеген.
2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айлары үшін жылумен жабдықтау қызметтері бойынша есептеулер үйдің жалпы жылу энергиясын есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пәтерлердің алаңына пропорционалды түрде бөлінді.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды. Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады.
"Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласы бойынша орташа айлық температура -8 °C болса, ағымдағы жылдың қаңтар айында -14,3 °C құрады. Бұл жылу энергиясын тұтынудың артуына және соның нәтижесінде төлем құжаттарында сомалардың өзгеруіне әсер етті." Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті
Электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша есептеулер есепке алу құралдарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Тұтынушылар көрсеткіштерді уақтылы тапсырған жағдайда есептеу нақты тұтынылған көлем бойынша жүзеге асырылады.
Айта кету қажет, реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтері қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бекітіледі. Қызмет нақты көрсетілген кезде ҚҚС салық заңнамасына сәйкес төлем құжаттарына енгізіледі және төлеуге жататын соңғы сомаға әсер етеді. Орташа алғанда түбіртектердегі сомалардың ұлғаюы шамамен 3–4% құрайды және бұл тарифтердің өсуі болып табылмайды.
Мысал ретінде: егер уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша сумен жабдықтау қызметінің 5 текше метріне есептеулер сомасы 500 теңгені құраса, онда 12% ҚҚС ставкасы кезінде салық сомасы 60 теңгені, ал төлемнің қорытынды сомасы – 560 теңгені құрады. ҚҚС ставкасы 16% болған кезде салық сомасы 80 теңгені, ал төлеуге жататын жиынтық сома – 580 теңгені құрайды.
Осылайша, төлемнің нақты ұлғаюы 20 теңгені немесе бұрын төленген соманың шамамен 3,6% – құрайды, бұл коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарауға байланысты емес.
Сонымен қатар, төлем түбіртектері, әдетте, тек реттелетін коммуналдық қызметтерді ғана емес (электр, жылу, су және су бұру), сондай-ақ бәсекелі ортада көрсетілетін өзге де қызметтерді қамтиды. Олардың ішінде телекоммуникациялық қызметтер, лифт шаруашылығын қызмет көрсету, ортақ мүлікті басқару және күтіп ұстау (ОСИ/КСК), сондай-ақ өзге де қосымша қызметтер бар.
Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін.
Жүргізілген талдау нәтижесінде келіп түскен шағымдардың жеке сипатта екені және нақты тұрғын жайлар бойынша есептеулердің ерекшеліктерімен (тұтыну көлемі, бөлудің дұрыстығы, көрсеткіштерді алу кезеңі, қайта есептеулердің болуы, төлемнің кешіктірілуі және өзге де жағдайлар) байланысты екені анықталды.
Толық түсіндірме алу және есептеулерді салыстыру үшін тұтынушыларға алдымен тиісті қызмет бойынша төлемді есептейтін табиғи монополия субъектісіне жүгіну ұсынылады.
Егер мәселе шешілмеген жағдайда немесе ұсынылған түсіндірмелермен келіспеген жағдайда, тұтынушы тиісті өңір бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаментіне немесе "е-Otinish" азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы шағымдануға құқылы.
Тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғауға жәрдем көрсету туралы өтініштер келіп түскен жағдайда және негіздер болған кезде, аумақтық департамент Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополия субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қарастырылған. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар отбасының жиынтық табысының белгіленген үлесінен асып кетсе, атаулы қолдау көрсетіледі. Бұл шаралар тұтынушыларға шамадан тыс қаржылық жүктемені болдырмауға бағытталған.