"Бетпердедегі кезбе" бұл жолы Анар есімді алматылық қызды қуантты. Жүйелі склеродерма атты сирек кездесетін ауруға шалдыққан қыздың өкпесі қысылып, үнемі оңалту шараларын қажет етеді. Бірақ күрделі ауруына қарамастан Анарик Комарик жұмсақ ойыншықтар тоқумен айналысады.
Қайырымды жан оған осы ойыншығын сатып алушы кейпінде келді. Ол оған Арыстанның баласына тапсырыс берді. Әңгіме барысында қыз оған өзінің ауруы туралы айтып берді.
"Анам маған жүкті болған кезде баспалдақтан құлапты. Мен соның кесірінен осылай болып тудым деп ойлаймын. Қанша рет ауруханада жаттым, бірақ менікі секілді диагноздағы адамды кездестірмедім. Ақылы процедуралардан өтіп, дәрі-дәрмектер ішемін", - дейді Анар.
Ер адам қызға әр ауыртпалықтың артында жеңілдік бар екенін айтып, оған бір жылға пәтерді жалға алу ақысына, сондай-ақ емделуге деп бірнеше конверт берді. Анар қайырымды адамды құшақтап, оған жасаған жақсылығы үшін шын жүректен алғыс айтты.
Бұған дейін "Бетпердедегі кезбе" Zakon.kz сайтына сұқбат беріп, өзінің есімі Абдулла екенін мойындаған, ол - кәсіпкер, төрт баласы бар. Ол отбасылық компания кірісінің бір бөлігін өтеусіз қайырымдылыққа жұмсайды. Оның мақсаты: қоғамды жақсы жетістіктер жасауға шабыттандыру. Ал өзіне бұл ретте "Бетпердедегі адам" шабыт бергенін мойындады.