Тәртіп сақшылары Дінмұхаммед Қонаев атындағы Binom School мектеп-лицейінде жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараға 200-ге жуық мектеп оқушысы қатысып, есірткі қылмысының қоғамға тигізетін зияны мен оның салдары туралы ақпарат алды.
Кездесу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісов оқушыларға есірткі қылмысының алдын алу, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу және заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар ол есірткінің адам денсаулығына, болашақ өміріне тигізетін кері әсері жөнінде айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ал кинологиялық қызмет орталығының кинолог-инспекторы қызметтік иттің көмегімен есірткі заттарын анықтау барысын көрсетті.
Көрсетілім кезінде қызметтік иттің арнайы дайындықтан өткендігі және есірткі заттарын анықтаудағы мүмкіндіктері таныстырылып, оқушыларға кинологиялық қызметтің құқық қорғау саласындағы маңызы көрсетілді.
"Қазір сіздер үшін ең бастысы — білім алып, денсаулықтарыңызды күту. Жақсы білім мен таза өмір салты болашақта үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады. Сондықтан зиянды әдеттерден аулақ болып, уақыттарыңызды пайдалы іске жұмсаңыздар, – деді Айбол Ідірісов.