"Мой город" басылымының жазуынша, бұл туралы 2026 жылғы 19 наурызда өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғубайдуллина мәлімдеді.
"Бұл ауру ми тіндерінің ауыр зақымдануына әкеледі және қызылшамен ауырғаннан кейін 5-10 жыл өткен соң дамуы мүмкін. Панэнцефалит орталық жүйке жүйесін зақымдап, неврологиялық бұзылыстарға, ақыл-ой қабілетінің төмендеуіне соқтырады және кей жағдайда өліммен аяқталуы мүмкін. 2026 жылы 9 айлық кезінде қызылшамен ауырған 11 жастағы баладан панэнцефалит анықталды", – деді Айнаш Ғубайдуллина.
Спикердің айтуынша, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен ауыратын науқастарға 60 төсек орын қарастырылған. Қазіргі таңда 34 адам ем қабылдап жатыр, олардың 28-і – бала, 6-ы – ересек.
"Ауру ауыр өтіп, қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін, әсіресе осал топтар үшін. Қызылша пневмония, ауыр ларинготрахеит, отит, сондай-ақ энцефалит – ми қабынуын тудыруы мүмкін. Кей жағдайларда ауру өліммен аяқталады", – деді облыс дәрігерінің орынбасары.
Оның айтуынша, жоғары қауіп тобына бір жасқа дейінгі балалар, екпе алмаған балалар мен ересектер, жүкті әйелдер, сондай-ақ иммунитеті әлсіреген адамдар жатады. Бұл санаттағы науқастарда аурудың ауыр өту ықтималдығы жоғары.
Қазіргі таңда қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Дәрігерлер өзіңізді және балаларыңызды қауіпті дерттен қорғау үшін уақытылы екпе алуға шақырады.