Президент қазақстандық телевизияның 106 жастағы аңыз тұлғасын ерекше атап өтті
Сурет: akorda.kz
Президенттің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қоғамда "Заң мен тәртіп", "Адал азамат" қағидаттарын орнықтыруға және "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын кеңінен насихаттауға белсенді үлес қосып келеді.
"Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні журналистика мен телевизия саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар маманды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
Президент ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген ардагер диктор Зұлқия Жұматова туралы ерекше айтты.
"Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына "Құрмет" орденін табыстау туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы отандық медианың дамуына үлес қосып жүрген тәжірибелі журналистердің еңбегін атап өтті. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов және Қымбат Досжан бар екенін айтты.
Президенттің сөзінше, бұл журналистердің кәсіби жолы мен еңбегі жас буын тілшілер үшін үлгі болып қала береді.