Іс Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы сәуір айында сағат 15:30-да санитарлық-тұрмыстық бөлмеде сотталғандар Л. мен У. арасында жанжал туындап, ол күш қолдануға ұласқан.
Жанжалға жеке және діни сипаттағы мәселелер себеп болып, өзара балағаттаумен қатар жүрген. Жанжал барысында жәбірленуші Л.-ға қолымен соққы жасап, оны жерге құлатқан. Бұған жауап ретінде Л. ағаш швабраны алып, жәбірленушінің денесіне және басына бірнеше рет соққы жасаған, оның ішінде жәбірленуші қарсылық көрсету мүмкіндігінен айырылғаннан кейін де ұруын жалғастырған.
Оқиғадан кейін сотталған оқиға орнынан кетіп қалған. У. мекеменің медициналық пунктінде есін жимастан қайтыс болған.
Л. өз кінәсін мойындамады.Сотталғанның адвокаты әрекетті қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған адам өлтіру немесе абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру не денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан бойынша қайта саралау туралы өтінішхат берді.
Сот үкімімен Л. кінәлі деп танылып, үкімдердің жиынтығы бойынша, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігін ішінара қосу арқылы, оған 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енді.