Алматыда жасөспірімдер өтіп бара жатқандарға тас лақтырып, шабуыл жасаған

Сурет: видео скрині
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматыда бір топ жасөспірімнің агрессивті әрекеттері түсірілген видео тарады. Онда олар қаладағы ең танымал демалыс орындарының бірінде өтіп бара жатқан адамдарға шабуыл жасаған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға 2026 жылғы 2 сәуірде Панфиловшылар атындағы 28 гвардияшылар саябағында болған.

Threads желісіндегі d.faam лақап атымен жазған қолданушының айтуынша, кәмелетке толмағандар өзін өте өктем ұстап, өзі де жұмысқа бара жатқанда олардың шабуылына ұшыраған.

"Қаланың қақ ортасында не болып жатыр? Неге маған (және басқа адамдарға) себепсіз шабуыл жасайды? Заттарымызды тартып алды, үстімізге бірдеңе шашты (ал мен жұмысқа бара жатқан едім), тас лақтырып, басқа адамдарды ұрды. Біз арыз жаздық, полиция бұл оларға қатысты алғашқы шағым емес екенін айтты. Бірақ біз олардың саябақта әрі қарай емін-еркін жүргенін көрдік", – деп жазды жәбірленуші.

Зардап шеккендер құқық қорғау органдарына ресми түрде арызданған, алайда рәсім барысы оларға күмән тудырған.

"Бұл оларға бұған дейін ешқандай шара қолданылмағанын тағы да көрсетеді (олардың өздеріне деген сенімділігінен байқалады). Сондықтан бұл жағдайды жария ету керек болды, өйткені менің арызым да қаралмай қалуы мүмкін деген күмән бар. Полиция арыз санына шектеу қойып, "іштеріңнен біреуің ғана жазыңдар" деді (біз үшеу едік). Ал егжей-тегжейлі жазғанда, "неге сонша көп, қысқаша жазыңдар да, кете беріңдер" деп айтты", – дейді қолданушы.

Алматы полиция департаментінде бұл жағдайға қатысты түсінік беріп, видео бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы тексеру бастағанын мәлімдеді.

Ведомство өкілдері полиция қызметкерлері заң аясында барлық қажетті шараны қабылдайтынын жеткізді.

"Бұл жағдай бақылауда. Сонымен қатар полиция кез келген әдепсіз мінез-құлық пен айналадағы адамдарға қолайсыздық немесе қауіп төндіретін әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді. Азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырамыз", – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі Zakon.kz тілшісіне.
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі