Дауылға қарсы жүзіп Сахалинге жетті: Оралдық 105 жастағы байланысшының ерлігі

Сурет: Zakon.kz/Карина Адильбекова
Батыс Қазақстан облысында 105 жасқа толған ардагер Анастасия Федоровна Чегнахаеваға құрмет көрсетілді. Ол мерейтойын қонақтармен бірге қарсы алды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

2026 жылдың 1 мамырында Орал қаласының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Анастасия Чегнахаева 105 жылдық мерейтойын атап өтті. Оны құттықтауға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келді.

Анастасия Федоровна 1921 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. Балалық шағы қиын-қыстау күндерге толы өтті: анасынан ерте айырылып, әкесі репрессияға ұшыраған. 1938 жылы тағдыр оны Қазақстанға алып келіп, Орал қаласы оның екінші үйіне айналды.

1942 жылдың шілдесінде, Ұлы Отан соғысы қызған шақта, 21 жастағы Анастасия Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ол Қиыр Шығысқа жіберіліп, 34-ші ауыр бомбалаушы авиациялық дивизия құрамында қызмет етті. Радиотелефонист мамандығын меңгерген ол ұшақтардың ұшу тапсырмалары кезінде маңызды ақпаратты дәл әрі жылдам жеткізіп отырған. Байланыстың дұрыстығы экипаждардың өміріне тікелей әсер ететін.

Оның әскери жолындағы ең қиын кезең – 1945 жылдың тамыз айы болды. Ол кезде Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғысқа кіріскен болатын. Осы сәтте Анастасия Федоровна әскерлерді ауқымды түрде көшіру операциясына қатысты.

Ол Владивостоктан Макао порты арқылы Оңтүстік Сахалин жағалауына дейін теңізбен ауыр сапар жасады. Дауыл мен ауа райының қолайсыздығы, сондай-ақ электромагниттік кедергілер радиобайланысты жиі үзіп отырған. Соған қарамастан, ол батылдық танытып, маңызды мәліметтерді жеткізу тапсырмасын абыроймен орындады.

Осы ерлігі үшін ол І дәрежелі Отан соғысы орденімен және "Жапонияны жеңгені үшін" медалімен марапатталды.

Сурет: Zakon.kz/Карина Адильбекова

Соғыстан кейінгі өмірі де өнегелі болды. Елге оралып, Орал қаласында 20 жылдан астам уақыт есту қабілеті төмен балаларға арналған арнайы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Педагогикалық еңбегі үшін оған "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі" атағы берілді.

Қазір Анастасия Федоровна Орал қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрады. Жасы 105-ке келсе де, денсаулығы тұрақты, рухы сергек.

Мерейтой құрметіне орталықта салтанатты шара ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ардагерге алғыс айтып, сыйлықтар мен гүлдер табыстады.

Айта кетейік, бір жыл бұрын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан арнайы медальмен марапатталған.

Ардагердің ұлы мен екі қызы қазір Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында тұрады. Олар аналарының жағдайын үнемі біліп, байланыста болып отырады. Анастасия Чегнахаеваның өмір жолы – бірнеше буынға үлгі болатын қайсарлық пен төзімділіктің айқын көрінісі.

Орал
Қазақстан
Ұлы Жеңіс

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі