Премьер-министр өткен жылу беру маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз аяқталғанын атап өтті.
"Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны былтырмен салыстырғанда 15%-ға азайды. 17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, тарихи ең жоғары деңгейге қол жеткізілді. Бұл – өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Аталған фактілер өткен қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының едәуір жоғары болғанын білдіреді Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды және коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында биыл электр стансаларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 млрд теңге қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп",- деді Бектенов.
Сондай-ақ еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.
"Тек биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған. Аталған шаралар желілердің тозу деңгейін тиісінше 48 және 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді". Олжас Бектенов
Сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін өңірлерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетілетінін атап өтілді.
"Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет. Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуы тиіс. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды. Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды",- деді ол.
Олжас Бектенов бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және қол жеткізілген нәтижелерді бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты. Өңірлерде энергия нысандарының дайындық паспорттарын алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, оған өңір әкімдері тікелей жауапты болады.
Бұған дейін Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысының немен айналысатыны белгілі болғанын жазғанбыз.