Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 13 мамырда болған.
"Борышкердің алимент төлемеген ұлы жеке сот орындаушысының кеңсесіне келіп, оның беті мен басынан ауыр соққы жасаған. Салдарынан миы шайқалып, жұмсақ тіндері зақымданғаны анықталды. Жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталды. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 409-бабы — "Конституциялық іс жүргізуді, сот төрелігін, сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыруға байланысты немесе сот ісін жүргізуге қатысуына байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттерi" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", — делінген хабарламада.
Палата мәліметінше, шабуылға борышкердің жеке сот орындаушысының қызметі үшін 100 мың теңге төлеуге келіспеуі себеп болған. Бұған дейін атқарушылық іс жүргізу тараптары медиацияға келген.
"Жыл басынан бері бұл — жеке сот орындаушыларына жасалған төртінші шабуыл. Алғашқы жағдай Қостанай облысында тіркелді. Онда алимент бойынша борышкер әйел сот орындаушысының сол жақ бетіне пышақ жарақатын салған. Бастапқыда іс ҚК-нің 409-бабы бойынша қозғалып, кейін аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, 408-бапқа — "Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты судьясының, сот төрелігін жүзеге асыратын адамның, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін адамның немесе заң көмегін көрсететін тұлғаның өміріне қол сұғу" бабына қайта сараланды. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс сотқа жолданды. Түркістан облысындағы шабуыл фактісі бойынша іс сотқа түсті, ал Шығыс Қазақстан облысында тергеу амалдары аяқталды", — деп толықтырды палатада.