ҚР СІМ Шенген елдеріне кірудің жаңа ережелері туралы мәлімдеді

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев 2026 жылғы 20 мамырда өткен брифингте Шенген аймағына кіру және шығудың жаңа жүйесі іске қосылғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, 10 сәуірден бастап Шенген аймағына кіретін 29 елде Еуропалық комиссия енгізген EES жүйесі толық жұмыс істей бастаған.

"Бұл жүйе Шенген аймағының сыртқы шекарасынан өтетін үшінші ел азаматтарын цифрлық түрде тіркеуге арналған және енді паспортқа мөр басу рәсімін алмастырады. Жаңа тәртіп туристерге, іссапармен баратын азаматтарға және транзиттік жолаушыларға да қолданылады. Шенген аймағындағы елдердің біріне алғаш рет кірген кезде шетел азаматтарынан жол жүру құжатының деректері, биометриялық мәліметтері алынады, сондай-ақ елге кірген және шыққан күні мен орны тіркеледі. 12 жасқа толмаған балалардан саусақ ізі алынбайды", – деді Ерлан Жетібаев.

Оның айтуынша, жиналған мәліметтер жеке деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, үш жылға дейін сақталады.

"Сонымен қатар жүйеде елге кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар да тіркеледі. Кейінгі сапарларда шекарадан өту рәсімі жеңілдетіліп, тұлғаны бет-әлпет арқылы тану тәсілі қолданылуы мүмкін. Егер азамат биометриялық деректерін беруден бас тартса, оған Шенген аймағына кіруге тыйым салынады. Жүйе алғаш іске қосылған кезеңде, әсіресе алғашқы кіру бекеттерінде, шекаралық бақылаудан өту уақыты ұзаруы мүмкін. Сондықтан транзитпен ұшатын азаматтарға рейстер арасындағы уақытты алдын ала көбірек жоспарлау ұсынылады", – деді СІМ өкілі.

Сондай-ақ ол рәсімді жеңілдету үшін Еуропалық одақ арнайы Travel to Europe мобильді қосымшасын әзірлегенін айтты. Бұл қосымша арқылы азаматтар сапарға 72 сағат қалғанда паспорт деректері мен биометриялық фотосын алдын ала жүктей алады. Алайда қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуді алмастырмайды.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейге баруды жоспарлаған азаматтарға үндеу жасағанын жазғанбыз.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жаңа ережелерге сай мектеп бітіру кештері: Қазақстан мектептеріне қандай тыйымдар енгізілді

Концерт кейінгі шегерілді: Қыдырәлі Болманов аяқ-асты ауруханаға түсіп қалды