Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесіне айрықша назар аударылғанын атап өтті. Оның сөзінше, мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті.
"Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есе өседі", – деді Президент.
Мемлекет басшысы былтыр елімізде 61 мәдениет нысаны салынғанын, 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ өткен жылы Президент Жарлығымен үш музейге "Ұлттық" мәртебе берілгенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстың биыл да жалғасатынын жеткізді. Президенттің пікірінше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұйымдарына "Ұлттық" мәртебе беру орынды. Сонымен қатар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры "Академиялық" мәртебесіне лайық екенін айтты.
– "Аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді", – деді Президент.