Тоқаев вандализмге түбегейлі тосқауыл қою керек екенін айтты

Фото: Zakon.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қоғамдық сананы жаңғырту мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орданың адамзат тарихындағы рөлін ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салды. Президенттің айтуынша, бұл тақырып кәсіби тарихшылар мен сарапшылар тарапынан жан-жақты талқылануы тиіс.

 "Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес", – деді Президент.

Мемлекет басшысы маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтетінін айтты. Оның сөзінше, биылғы жиын тарихи-мәдени және құжаттық мұраны цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде сақтау мәселесіне арналады.

Президент Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін елдің мәдени ерекшелігін кеңінен дәріптеудің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы бәсекеге бейімдеу қажет екенін жеткізді.

 "Жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қоғамда вандализмге, мәдениетсіздік пен тағылық әрекеттерге мүлде жол берілмеуі керек.

"Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек", – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ыбықты сай шатқалы аумағында болған жағдайға байланысты құзырлы органдар құқықтық баға беруі тиіс екенін айтты. Президент заңға құрмет, табиғатты аялау және жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада берік орнығуы қажет екенін атап өтті.

Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Елімізде "Қазақстан Халық Кеңесі" туралы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Амнистия аясында бірнеше миллиард теңгенің айыппұлы кешірілуі мүмкін

Астанада лаңкестікке қарсы жоспарлы оқу-жаттығулар басталады

Алматы полициясы Сәуле Базарханның клиникадағы қазасына қатысты пікір білдірді