Имамның айтуынша, бұл рәсім айт намазынан кейін басталып, мұсылманға Құрбан айтта үш күні бойы құрбан шалып, ниеттеніп қан шығаруға болады.
"Құрбан айт — бұл құрбан шалу рәсімі ғана емес, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, ізгі амалыңмен Аллаға жақындау деген сөз", — дейді спикер.
Бас имам құрбандыққа қой, ешкі, сиыр мен түйе шалынатынын, қой мен ешкі кемінде бір жаста, сиыр екі жаста, түйе бес жаста болуы тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ бір қой немесе ешкі бір адамның атынан шалынса, сиыр мен түйені ниеттенген жеті адам бірігіп те шала беретінін жеткізді бас имам.
Малды алдымен құбылаға қаратып, сол қырымен жатқызып, құрбан шалушы малды "Бисмилләһи, Аллаһу әкбар" деп айтып барып бауыздауы керек.
Төлеби Оспан шариғат бойынша мал толық жан тапсырмай тұрып басын кесуге, терісін сыпыруға болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ бауыздау кезінде "Бисмилләһ" сөзін әдейі айтпауға да тыйым салынатынын айтты.
Бас имам дінмізде жануарларға ізгілікпен қарауға ерекше мән берілетініне де тоқталды. Атап айтқанда, малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды, малдың жанын қинамас үшін пышақ та өткір болуы керек екен.
Спикер етті тарату тәртібіне де тоқталып өтті. Дәстүр бойынша етті үш бөлікке бөледі де, бір бөлігін өзінің үй-ішіне қалдырып, екіншісін туыстары мен көршілеріне беріп, үшіншісін мұқтаж жандарға үлестіріп беруі тиіс.
Ақшалай бергені құрбан шалуға жатпайтынын, ол садақа болып қалатынын, құрбанды қан шығарып қана шалатынын да түсіндіріп өтті Төлеби Оспан.
"Құрбандық шалу — мал бауыздап барып жасайтын құлшылық түрі. Сондықтан құрбан шалмай, ақша бере салуға болмайды", — деді ол.
Қала тұрғындарына тазалық сақтап, малды тұрғын үйдің ауласында соя салмай, ресми рұқсат етілген жерде ғана сою керектігін де ерекше ескертті.