Алматыда Құрбан айт күндері тазалықты бақылауды күшейтеді

Алматыда Құрбан айт күндері тазалықты бақылауды күшейтеді, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.05.2026 20:35 Сурет: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматыда Құрбан айт мерекесі кезінде құрбан шалатын алаңдарда санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтпек. Қала тұрғындары санитарлық-гигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарды қатаң сақтап, ресми белгіленген орында ғана құрбан шалуға тиіс, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова айтты.

Оның сөзінше, Құрбан айт күндері департамент пен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының мамандары арнаулы алаңдарда кезекшілік атқармақ. Сөйтіп, санитарлық талаптардың сақталуын, аумақтың тазалығын, қалдықтың уақытылы шығарылуын бақыламақшы.

Спикер тұрғын үйлердің аулаларында, қоғамдық орындарда, көше мен рұқсат етілмеген басқа да аумақта мал сою қоршаған ортаның ластанып, жұқпалы аурулардың таралу қаупіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

"Құрбандыққа шалынатын малды қауіпсіз шаруашылықтардан ғана алып, қажетті құжаттары бірге болуы тиіс", — дейді Гаухар Қаткенова.

Санитарлық талап бойынша, мал соятын жерде қалдыққа арналған контейнер, ет сақтайтын тоңазытқыш, су жүйесі, дезинфекция мен санитарлық өңдейтін орын мен мал терісін сақтайтын орын болуы тиіс.

Сонымен қатар қасапшылар қолғап киіп, маска тағып, алжапқыш пен резеңке етікпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілінің айтуынша, ветеринарлық-санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда қауіпті жұқпалы және паразиттік ауруды жұқтыру қаупі артады.

Атап айтқанда, бруцеллез, сібір жарасы, эхинококкоз, пастереллез бен адамға ауру малдан зооноздық инфекциялар да жұғуы мүмкін екені айтылды.

Сөз соңында спикер қала тұрғындарын тазалық сақтап, арнайы бөлінген жерде ғана құрбан шалуға шақырды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: