Амнистия аясында бірнеше миллиард теңгенің айыппұлы кешірілуі мүмкін
Фото: Zakon.kz
Депутат Снежанна Имашева аталған заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленгенін еске салды.
Оның айтуынша, құжаттар аясында қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстар үшін, егер келтірілген залал болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босату ұсынылады. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша келтірілген шығын толық өтелген жағдайда жаза мерзімін қысқарту көзделген.
Кейін Мәжіліс кулуарында депутат заң жобасы аясында әкімшілік амнистия жүргізу де жоспарланып отырғанын айтты.
"Айыппұлдардың нақты санын айта алмаймын, бірақ жалпы сомасы бірнеше миллиард теңгені құрайды. Негізінен бұл – ішкі істер органдары салған айыппұлдар. Шамамен 90 пайызы ІІМ салатын айыппұлдар. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты", – деді Снежанна Имашева.
Оның сөзінше, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар амнистияға ілінбейді.
"Әңгіме қызыл шамға өту, жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік жүргізу туралы болып отыр. Ал қауіпсіздік белдігін тақпау немесе телефон қолдану үшін салынған айыппұлдар амнистияға ілігуі мүмкін. Өсімпұлдар мен айыппұлдар да есептен шығарылады. Заң жобалары сессия соңына дейін қаралады. Президент әкімшілік амнистия жүргізуді тапсырды. Бұл – алғашқы тәжірибе. Мақсат – азаматтардың жүктемесін азайтып, айыппұлдардан босату", – деп түсіндірді депутат.
Әкімшілік амнистия аясында айыппұлдан жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, адвокаттар, қандас мәртебесі бар адамдар және Қазақстан азаматтары болып табылатын өзге де тұлғалар босатылады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 6 мамырда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қылмыстық және әкімшілік амнистияға қатысты алдын ала тәсілдерді таныстырып, қандай санаттағы сотталғандарға амнистия қолданылмайтынын айтқан болатын.