Атырауға үш өңірдің полицейлері жиналды: қалада алыпқашпа сөз көбейіп, жұрт дүрлігуде

Сурет: Zakon.kz/Динара Канбетова
21 мамырда Атырау қаласында көлік кептелісі артып, тұрғындар арасында алаңдаушылық пайда болды. Қаланың орталық көшелерінде полиция көліктері көбейіп, жол бойында жүргізушілер мен тұрғындар жинала бастаған. Жағдайдың мән-жайын Zakon.kz тілшісі анықтап көрді.

Әлеуметтік желілерде басқа өңірлердің нөмірі тағылған полиция көліктері туралы ақпарат тез тарады. Әсіресе жүргізушілер арасында шетелдік тіркеудегі, яғни "армян" және "грузин" нөмірлі көліктерге жаппай тексеру жүргізіліп жатыр деген әңгіме қызу талқыланды. Мессенджерлерде мұндай рейдтердің мақсаты – айыппұл салу және осындай көліктерге шектеу енгізу болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері жүргізушілердің құжаттарын, сақтандыру полистерін, дәрі қобдишасы мен өрт сөндіргіштің бар-жоғын тексеріп жатқаны айтылды.

Бейресми мәлімет бойынша, Атырауда шетелдік тіркеудегі 5 мыңнан астам көлік бар. Олардың көбі Грузия мен Арменияда тіркелген.

Кейін белгілі болғандай, Атырауға қосымша полиция күштері Астанадан, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстарынан келген.

Атырау облыстық Полиция департаменті бұл күшейтілген бақылау 21-23 мамыр аралығында өтіп жатқан "Стоп-құқықбұзушылық" жедел алдын алу іс-шарасына байланысты екенін түсіндірді. Арнайы операция полицияның кешенді және қосымша күштерінің бірыңғай саптық жиынынан кейін басталған.

Полицияның мәліметінше, негізгі мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін күшейту.

"Іс-шара қылмыстық жағдайды тұрақтандыруға, құқықбұзушылық санын азайтуға, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған", – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ведомство өкілдері құқықбұзушылықтардың алдын алуға, арандатушылықтарға жол бермеуге және кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге ерекше назар аударылып жатқанын айтты. Рейд кезінде барлық полиция бөлімшелері бірлесіп жұмыс істеп, заң талаптарын қатаң сақтайтыны да атап өтілді.

Қазақстан
Атырау

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бас прокуратура инвестордың уәжінен кейін Шымкент полициясының үстінен тергеу бастады

Қытай көлігін сатып алушылардың шоттары жаппай бұғатталып жатқаны рас па - МКК жауабы

Мемлекет басшысы Мәдениет және өнер қызметкерлеріне жүгінді

Амнистия аясында бірнеше миллиард теңгенің айыппұлы кешірілуі мүмкін

Қазақстан мектептеріндегі қорытынды емтихандардың мерзімі белгілі болды