Қайырымдылық шаралары аясында балаларға сыйлықтар табысталып, мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмек берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Балаларды қорғау күніне орай бірқатар әлеуметтік және білім беру ұйымдарына қолдау көрсетілді. Іс-шаралар аясында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтар мен арнайы мектептерге қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, тәрбиеленушілер үшін мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Сурет: қордың баспасөз қызметі
Алматы облысының Қонаев қаласындағы күндізгі болу орталығында психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мерекелік шара өтті. Орталықтағы 60 тәрбиеленушіге сыйлық жиынтықтары табысталып, ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалардың күнделікті күтіміне қажетті жағдайларды жақсартуға бағытталған қолдау көрсетілді.
Қарағанды облысындағы №2 арнайы мектеп-интернатының акт залы жаңа интерактивті панельмен жабдықталды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар тәрбиеленетін мекемеде бұл құрылғы білім беру және тәрбие жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы "Алтын бесік" балабақшасына оқу-әдістемелік әдебиеттер, дамытушы кітаптар мен спорттық құралдар берілді. Білім беру ұйымы бұған дейін де қайырымдылық қолдау аясында салынған нысандардың бірі саналады.
Сыртқы келбеті "Хогвартс" қамалына ұқсайтын бұл ғимарат бүгінде тек сәулеттік ерекшелігімен ғана емес, ауылдағы мәдени, әлеуметтік өмірді түбегейлі өзгертумен де танымал. Бала тәрбиесіне арналған кең, жарқын, заманауи кеңістік – қордың елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсартуға қосқан маңызды үлесінің бірі.
Аталған жұмыстарды жүзеге асырған Halyk қайырымдылық қорының мәліметінше, ұйым 2016 жылдан бері білім беру, спорт, мәдениет, экология және инфрақұрылым салаларында 214-тен астам жобаны іске асырып, қайырымдылық мақсаттарға 90 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаған.
Сурет: қордың баспасөз қызметі
Қордың бас директоры С. Шүңкеев атап өткендей, Балаларды қорғау күні – қор жыл сайын арнайы дайындалатын ең маңызды күндердің бірі.
"Бұл – тек сыйлық тарату емес, бұл – көңіл бөлу, жан жылуын сезіндіру. Баланың күлкісін ояту – қоғамды ізгілендірудің ең тиімді жолы. Қордың жыл сайынғы бастамалары осы ұстанымның нақты іс арқылы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Балаларға көрсетілген әрбір назар – олардың бойына жылулық сыйлап қана қоймай, қоғамның да ізгілене түсуіне жол ашады", – дейді ол.