Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуының маңызын атап өтіп, ұйым аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатуға бейіл екенін жеткізді.
"Біз Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушылардың бірі ретінде аталған институттың жаһандық қауіпсіздік пен диалогты нығайтуға тиімді ықпал ететініне сенімдіміз", – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосуды көздейтін Қазақстан бастамалары талқыланды. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру және денсаулық сақтау жобаларын жүзеге асыру, азық-түлік қауіпсіздігін қолдау бағыттарын қамтиды.
Сурет: akorda.kz
Өз кезегінде, Арье Лайтстоун Қазақстан президенті мен халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, елімізге бейбітшілік және бақ-береке тіледі.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына АҚШ Президенті Дональд Трамптың ыстық ықыласы мен лебізін жеткізді.
Бейбітшілік кеңесінің өкілі Қазақстанның осы және басқа да халықаралық ұйымдар жұмысына белсене қатысатынын, соның ішінде Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдағанын жоғары бағалады.
Сурет: akorda.kz
"Қасым-Жомарт Тоқаев пен Арье Лайтстоун көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, TRIPP және Орта дәліз аясындағы ықпалдастық перспективасын талқылады. Қазақстанның өңіраралық өзара байланысты нығайтуға және халықаралық көлік бағдарын әртараптандыруға қызығушылық танытатыны атап өтілді". Ақорда
Кездесу соңында Президент пен Ұйым өкілі екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.