Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат алғаш рет 2026 жылғы 1 маусымда Azh.kz басылымында жарияланған болатын.
Басылымның мәліметінше, істі ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр. Қылмыстық іс материалдарында 40 млн теңге көлеміндегі қаражат туралы дерек және екінші күдікті ретінде "Қалалық тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмов көрсетілген.
Сол күні Атырау облысы бойынша ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкінді облыс әкімдігі ғимаратында өтетін кеңес басталар алдында алып кеткені туралы да ақпарат тараған.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, әкім қылмыстық іс аясында жауап алу үшін жеткізілген. Тергеу әрекеттерінен кейін ол үйіне жіберілген.
Бүгін, 9 маусымда ҰҚК Атырау қаласы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын ресми түрде растады.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.
Мейіржан Мұқасов 1994 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 2013 жылы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде маман болып бастаған. 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етті: 2015–2018 жылдары – бас маман; 2018–2020 жылдары – сектор меңгерушісі, кейін Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары; 2020–2022 жылдары – Атырау қалалық қаржы бөлімінің басшысы; 2022–2023 жылдары – Атырау облыстық қаржы басқармасының басшысы; 2023–2024 жылдары – Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Мейіржан Мұқасов Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылдың қаңтар айында тағайындалған. Бұл қызметке дейін облыс әкімінің кеңесшісі болған.
Ал Шәкір Кейкін Атырау қаласының әкімі қызметін 2023 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.