Президент осы стратегиялық ұстанымның жалғасы ретінде "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Құжат аясында кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін кеңінен насихаттауға бағытталған "Зерделі ұлт" тұжырымдамасын әзірлеу көзделген.
Осы ұлттық мұратпен үндес Halyk қоры мемлекеттік бастама қабылданбай тұрып-ақ баспа ісіне, әдеби мұраны насихаттауға және мазмұнды кітаптарды жарыққа шығаруға белсенді атсалысып келеді.
Мәселен былтыр Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Қор Гүлмира Амандықованың хакімнің "Қара сөздері" негізінде әзірленген "Ұрпаққа Ұлағат" кітаптар топтамасын шығаруға қолдау көрсетті.
Жоба аясында қазақша-орысша және қазақ тілінің латын графикасындағы мәтіні ағылшын тіліндегі аудармамен ұсынылған 50 жиынтық, жалпы саны 100 дана кітап жарық көрді. Бұл бастама Абайдың тағылымы мен терең ойларын жаңа буынға және шетелдік оқырманға жеткізуге мүмкіндік берді.
Биыл балабақшалар мен мектептерден түскен сұраныстарды ескере отырып, балалар мен жасөспірімдерге, ата-аналар мен педагогтерге арналған түрлі бағыттағы кітаптар мен танымдық жинақтарды жарыққа шығаруға қолдау көрсетті.
Олардың қатарында классикалық және заманауи қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясы, әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары, танымдық әдебиет, өмірбаян, психология, тұлғалық даму, қаржылай сауаттылық, денсаулық пен салауатты өмір салты, ғылыми-танымдық және қоғамдық-саяси бағыттағы басылымдар бар.
Балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне де айрықша мән берілді. Қор "Шытырман ертегілер", "Ол кім?" серияларын, танымал ертегілердің өнегесін түсіндіретін, балаларды әдептілікке, ізгілікке және жауапкершілікке тәрбиелейтін кітаптардың жарық көруіне қолдау көрсетті.
Бұл кітаптар мен жинақтарды Қостанай қаласындағы балабақшаға, Бейнеу ауданындағы үш мектепке, сондай-ақ, "Мирас" халықаралық мектептері мен балабақшаларына беру жоспарланып отыр. Осылайша, балалар сапалы әрі мазмұнды әдебиетті күнделікті оқу және тәрбие үдерісінде пайдалана алады. Қор аталған білім беру ұйымдарына бұған дейін де қолдау көрсеткен. Бұл бастама – білім сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді серіктестіктің заңды жалғасы.
Бұл – білім беру ұйымдарының нақты сұранысына берілген жауап. Бастама ана тіліндегі сапалы әдебиетті балаларға қолжетімді етуге, олардың кітапқа деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға және еліміздің рухани қорын молайтуға бағытталған.
Сонымен қатар Қор "NNEF" қоғамдық қорына "Вдохновение" атты ғибратты әңгімелер басып шығаруға қайырымдылық көмек көрсетті. Басылым "Білім берудегі рухани-адамгершілік құндылықтар: оқыту мен тәрбиелеудің теориясы және тәжірибесі" халықаралық конференциясы аясында ұсынылады.
"Қазақ халқы сөзді аманат, кітапты қазына деп білген. Біз үшін кітап шығаруға қолдау көрсету – жай ғана баспа жобасын қаржыландыру емес, ұлттың рухани іргесін бекіту. Былтыр Абай мұрасын жаңа буынға жеткізуге үлес қоссақ, биыл қазақ және әлем әдебиетінің үздік үлгілерін, балаларға арналған тағылымды кітаптарды оқырманға ұсынуға қолдау көрсетіп отырмыз. Әрбір жарық көрген кітап – бала санасына себілген білім дәні, елдің ертеңіне жағылған шырақ. Кітапты қолдау – ұрпақты, ал ұрпақты қолдау – мемлекеттің болашағын қолдау", – деді Қордың бас директоры Сағынбек Шүңкеев.