Жыл сайын шамамен 20 мың адам қан тапсырады. Соның арқасында науқастарға 38 мыңға жуық доза қан компоненттері құйылады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қан қорының көлемі, донорларға қойылатын талаптар және инфекциялық қауіпсіздік шаралары туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Іс-шара 14 маусым – Дүниежүзілік қан доноры күніне орай ұйымдастырылды.
Алматы қалалық Қан орталығының донорларды жасақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Әбдіқадыровтың айтуынша, орталыққа барлық қан тобының донорлары қажет. Алматы тұрғындарының шамамен 30 пайызы бірінші, екінші және үшінші қан топтарына жатса, төртінші қан тобының үлесі 10 пайызды құрайды.
"Жыл сайын 19-20 мыңға жуық адам қан тапсырады. Соның арқасында науқастарға 37-38 мың доза қан компоненттері құйылады. Қауіпсіз әрі сапалы қан дайындау үшін Қан орталығында заманауи жабдықтар қолданылады. Қан компоненттері арнайы тексеруден өткізіліп, лейкоциттерден тазартылады және вирустардан залалсыздандырылады. Қан алу кезінде тек бір реттік медициналық құралдар пайдаланылады, сондықтан донор үшін инфекция жұқтыру қаупі жоқ. Әрбір тапсырылған қан бірнеше кезеңнен тұратын мұқият тексеруден өтеді", – деді Нұрдәулет Әбдіқадыров.
Донор болу үшін адамның жасы 18-ден асқан, бойы кемінде 150 сантиметр, салмағы 50 келіден жоғары болуы және медициналық қарсы көрсетілімдері болмауы қажет.
Созылмалы аурулардың кейбір түрлерімен ауыратындар, В және С вирусты гепатиттерін, АИТВ-инфекциясын, туберкулезді және өзге де бірқатар ауруларды өткерген азаматтар қан тапсыра алмайды. Сонымен қатар операциядан, тіс жұлдырғаннан, татуаждан, пирсингтен немесе вакцина алғаннан кейін белгілі бір мерзімге донорлыққа уақытша шектеу қойылады.
Қан тапсырар алдында әрбір үміткер 30-дан астам сұрақтан тұратын сауалнаманы толтырады. Кейін медициналық тексеруден және зертханалық зерттеуден өтеді. Мамандар қан тобын, резус-факторын анықтап, жалпы қан талдауын жүргізеді, сондай-ақ АИТВ, В және С гепатиттері мен мерезге тексереді. Зерттеу нәтижелерін келесі күні тіркеу бөлімі арқылы немесе қан орталығының сайтындағы жеке кабинеттен алуға болады.
Алматы қалалық Қан орталығының қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Әсел Керейбаева донорлық қанның медицина үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Қан құю қан ауруларына шалдыққан науқастардың, онкологиялық дертпен күресіп жүрген жандардың, жатырдан қан кетуі бар әйелдердің және жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Ғылым мен технология қарқынды дамығанымен, жасанды қан әлі күнге дейін жасалған жоқ. Сондықтан қан компоненттерінің жеткілікті қорын қалыптастыру денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Алматы клиникаларында күн сайын 120-ға дейін гемотрансфузия рәсімі жүргізіледі", – деді Әсел Керейбаева.
Қан орталығы мамандары донорлар өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат алып келуге тиіс екенін еске салды. Қазақстан азаматтары үшін бұл – жеке куәлік, паспорт немесе тұру ықтиярхаты. Ал шетел азаматтары шетелдік паспорт пен Қазақстан Республикасының ЖСН-і болған жағдайда донор бола алады.