Оның айтуынша, бүгінде шағын және орта бизнес үшін шешілмей келе жатқан негізгі мәселелердің бірі – еңбекке ақы төлеу қорына қатысты салық салу жүйесінің тым күрделілігі.
"Қазіргі таңда жұмыс беруші бірден бірнеше түрлі салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеп, төлеуге міндетті. Олардың қатарында әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) аударымдар, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бар. Сонымен қатар қызметкерлердің жалақысынан жеке табыс салығы, зейнетақы жарналары және МӘМС жарналары ұсталады. Нәтижесінде шағын кәсіпорынның бухгалтері әр қызметкер бойынша ай сайын 7-8 түрлі төлемді есептейді. Әр төлемнің өз есептеу тәртібі мен талаптары бар. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жалақы қорына түсетін жалпы жүктеме бүгінде 39,5 пайызға жеткен және алдағы жылдары 41 пайыздан асуы мүмкін", – деді депутат Берік Бейсенғалиев.
Оның сөзінше, кәсіпкер қаншалықты көп қызметкер жұмысқа алса, есеп жүргізу жүйесі соғұрлым күрделене түседі әрі қаржылық жүктеме де артады.
Депутат бұл жағдай бухгалтерлердің уақытын бизнесті дамытуға емес, бір жалақыдан алынатын көптеген төлемдерді есептеуге жұмсауына себеп болып отырғанын айтты.
Мысал ретінде ол Грузияның тәжірибесін келтірді. Бұл елде еңбекке ақы төлеу қорына қатысты күрделі әлеуметтік төлемдер жойылып, негізгі жүктеме бірыңғай табыс салығына біріктірілген. Нәтижесінде көлеңкелі экономика көлемі азайған.
Берік Бейсенғалиевтің пікірінше, еңбекке шамадан тыс салықтық жүктеме түсіру керісінше бюджет кірісін азайтып, жалақының бір бөлігінің көлеңкеге кетуіне ықпал етеді.
Сондықтан депутат қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығын сақтай отырып, жұмыс беруші төлейтін әлеуметтік салықты, әлеуметтік аударымдарды, МӘМС аударымдарын және міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай әлеуметтік төлемге біріктіруді ұсынды.
"Бір қызметкер – бір база – бір есептеу – бір төлем" қағидатын енгізу қажет. Ал түскен қаражатты мемлекет бюджет, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында өзі бөлетін болады", – деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, бұл бастама бизнестің әкімшілік шығындарын азайтып, есеп жүргізуді жеңілдетуге, ашықтықты арттыруға және еңбек қатынастарын заңдастыруға қосымша ынталандыру жасауға мүмкіндік береді.