"Қазсушар" облыстық филиалы директорының орынбасары Тимур Тілеуовтің айтуынша, бүгінде өңірдегі үш су қоймасы да қалыпты режімде жұмыс істеп тұр және қажетті көлемдегі сумен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларында 100 миллион текше метрден астам су жиналған. Ал Сазды су қоймасы 50 пайыздан астам толып, ондағы су көлемі 3,6 миллион текше метрге жеткен.
"Биылғы көктемгі тасқын кезінде су аз болды. Сол кезде Ақтөбе су қоймасына шамамен 60 миллион текше метр, Қарғалы су қоймасына 45 миллион текше метр, ал Сазды су қоймасына 600 мың текше метрге жуық су келді", – деді Тимур Тілеуов.
Алайда соңғы апталардағы жауын-шашын жағдайды айтарлықтай жақсартқан. Нәтижесінде Ақтөбе су қоймасына қосымша 4 миллион текше метрден астам, Қарғалы су қоймасына 1,5 миллион текше метрден астам, ал Сазды су қоймасына 400 мың текше метрден астам су жиналды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі су қоры вегетациялық кезеңді алаңсыз өткізуге мүмкіндік береді. Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларындағы су көлемі өңірдегі шаруашылықтар мен өндіріс орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Сазды су қоймасындағы қор да бау-бақша ұжымдарын сумен қамтуға және "Keruen City" маңындағы қалалық каналды толықтыруға қауқарлы.
Осылайша, көктемгі тасқыннан күткен көлемдегі су жиналмағанымен, жазғы жауын-шашын өңірдің су қорын толықтырып, гидрологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізді.
Сурет: gov.kz