Observer басылымының дереккөздерінің хабарлауынша, Министрлер кабинеті мүшелерімен, Даунинг-стриттегі кеңесшілермен, кәсіподақтармен және партия демеушілерімен өткен бірқатар кездесуден кейін Стармер өз саяси ұстанымының әлсірегенін түсінген. Демалыс күндері ол жағдайды Чекерс резиденциясында отбасымен талқылап, түпкілікті шешімді жақын арада қабылдауы мүмкін.
Лейбористік партияның жоғары лауазымды өкілдері премьер-министр дүйсенбі, 22 маусымда саяси дағдарысты болдырмау үшін қызметтен "жоспарлы әрі кезең-кезеңімен кететінін" жариялауы ықтимал екенін айтады. Сонымен қатар оның жақтастары Стармердің қызметтен кенеттен кетуді жоспарламайтынын және билікті біртіндеп тапсыруға ниетті екенін жеткізді.
Стармерге қысымның күшеюіне негізгі себептердің бірі ретінде Энди Бернхэмнің Мейкерфилдтегі қосымша сайлаудағы жеңісі және лейборист депутаттар арасындағы қолдауының артуы аталады. Оның жақтастарының мәліметінше, Бернхэм парламенттегі партия фракциясында 200-ден астам депутаттың қолдауына ие болуы мүмкін. Бұл оған партия көшбасшылығы үшін күресте елеулі артықшылық береді.
Партияның бірнеше министрі мен ықпалды тұлғалары, оның ішінде экономика және сыртқы саясат бағытының өкілдері Стармерді қызметтен кету мерзімін нақтылауға шақырған. Сондай-ақ оның қыркүйек айына дейін қызметте қалып, биліктің ауысуын қамтамасыз етіп, партия конференциясында жаңа көшбасшыны сайлауға мүмкіндік беру нұсқасы да қарастырылып жатыр.
Ал Даунинг-стритте қызметтен кету туралы әңгімелерді әзірге алыпқашпа сөз деп бағалап отыр. Премьер-министрдің өзі жұмысын жалғастырып жатқанын және партияішілік дауыс беру өтсе, өз лауазымын сақтап қалу үшін күресуге ниетті екенін мәлімдеген.