Ресейдің Күн астрономиясы зертханасы мамандарының мәліметінше, кейінгі 10 жылдағы ең ірі күн дақтарының бірі орналасқан ірі белсенді аймақтар Күннің батыс шетіне қарай ығысып, жақын күндері оның арғы бетіне толық өтеді. Мұндай жағдайда олардың Жерге әсер ету ықтималдығы өте төмен.
Мамандардың болжамынша, алдағы күндері Күннің белсенділігі біртіндеп бәсеңдей бастайды. Жаңа белсенді аймақтар пайда болмаса, аптаның ортасына қарай Күннің белсенділігі белгісіз мерзімге дейін тыныш күйге ауысуы мүмкін.
Сонымен қатар күн дақтарының топтары шілденің екінші жартысында қайтадан Жерге қараған бетке шығуы ықтимал. Алайда ғалымдар олардың сол уақытқа дейін сақталу мүмкіндігі төмен екенін айтады.
Ал 4 шілде, сенбі күні тіркелген және 2026 жылдың басынан бергі қуаты жағынан екінші ең күшті магниттік дауыл аяқталды. Қазіргі таңда геомагниттік жағдай мен күн желінің параметрлері қалыпты деңгейге оралды.