Жаңа қағидаға сәйкес, патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру, сондай-ақ ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға (45 градус бұрышпен), сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орнатып, орналастыра алады.
Мемлекеттік ту көлеміне қарамастан ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың Мемлекеттік туды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Сондай-ақ Мемлекеттік туды қорлауға бағытталған кез келген мақсатта пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар қағидаға Мемлекеттік туды пайдалануға қатысты бірқатар жаңа талаптар енгізілді.
Қағидаға сәйкес, Мемлекеттік туды пайдалану (орнату, орналастыру) мынадай талаптар сақталған жағдайда рұқсат етіледі:
- жеке тұрғын үйлерге жерден кемінде үш метр биіктікте орналастыру. Бұл ретте түнгі уақытта туды жарықтандыру міндетті емес. Ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты жеке және заңды тұлғалар туды оған іргелес аумақта орналасқан жеке ту тұғырына (флагштокқа) орната алады;
- тудың жерге, еденге, суға немесе өзге де беттерге жанаспауын қамтамасыз ету;
- туды тік күйде орналастыру. Бұл жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы тиіс;
- жеке және заңды тұлғалар ұйымдастыратын мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдаланбау;
- тудың жыртылған, тозған, жамалған, тесілген, ластанған, өңі кеткен, мыжылған немесе оның қадір-қасиеті мен рәміздік мәнін төмендететін өзге де ақаулары болмауы;
- жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдарының салонында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып пайдалануға жол беріледі.
Сондай-ақ Мемлекеттік туға қатысты мынадай талаптар белгіленді:
Мемлекеттік туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатсыз пайдалануға, сондай-ақ оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейді.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және өзге де тұрмыстық бұйымдар ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Ал спортшылардың спорттық киімі мен арнайы жабдықтарында Мемлекеттік тудың бейнесін пайдалануға рұқсат етіледі.
Түзетулерге сәйкес, Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, соттардың, мәслихаттар мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңбаның бейнесін орналастыру кезінде мемлекеттік рәміздердің бір деңгейде орналасуы және мынадай кезектілік сақталуы тиіс: Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған стендтер орналасқан бөлмелер немесе олардың бөліктері, онда Мемлекеттік әнұранның мәтіні де орналастырылатын болса, эстетикалық талаптарға сай безендіріліп, шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, дәліздерден және киім ілетін орындардан алыс орналасуы қажет.
Стендтерде немесе плакаттарда Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мәтіні орналастырылған жағдайда да олардың бір деңгейде орналасуы және Мемлекеттік ту – Мемлекеттік елтаңба – Мемлекеттік әнұран тәртібі қатаң сақталуы тиіс.
Мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтерді, плакаттарды және өзге де көрнекі материалдарды рәсімдеу кезінде көк түсті фон қолданылып, жазулар алтын түспен жазылуы керек.
Қаулы 2026 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.