Қазіргі таңда бұл жолмен тәулігіне 85 мыңға дейін көлік қатынайды. Бұл жобалау кезінде болжанған көрсеткіштен екі есе жоғары.
2026 жылғы 14 шілдеде Көлік министрлігі Алматы агломерациясының негізгі магистралін пайдалану қорытындыларын шығарып, көлік ағынын басқаруда "ақылды" технологиялардың қалай қолданылып жатқанын мәлімдеді.
ҮАААЖ – Қазақстандағы автомобиль жолдары саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде іске асырылған алғашқы ауқымды жоба.
Бұл магистраль транзиттік көліктерді Алматы қаласының сыртына бағыттауға, қала көшелеріндегі жүктемені азайтуға, жол жүру уақытын қысқартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және мегаполистегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік берді.
"Жоба әзірленген кезде тәулігіне 38 мың көлік өтеді деп болжанған болатын. Алайда 2023 жылы орташа тәуліктік көлік ағыны 46 мыңға, 2024 жылы 75 мыңға жетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 85 мың көлікке дейін өсті", – деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Мәліметке сәйкес, көлік ағынының 86%-ын жеңіл автомобильдер құрайды. Ал автобустар мен жүк көліктерінің әрқайсысының үлесі – 7%.
ҮАААЖ бойында жол қозғалысын үздіксіз бақылауға арналған 223 интеллектуалды бейнекамера орнатылған. Оның ішінде 49 негізгі камера тәулік бойы мониторинг жүргізеді.
Сонымен қатар жол бойында екі автоматты метеостанция, ауыспалы ақпарат көрсететін 18 электронды табло (VMS) және көлік ағынын есепке алатын 10 станция (VTS) жұмыс істейді.
Ведомствоның мәліметінше, оқиғаларды автоматты түрде анықтау жүйесі (Event Detection) нақты уақыт режимінде жол-көлік оқиғаларын, тоқтап қалған көліктерді және басқа да төтенше жағдайларды анықтап, тиісті қызметтердің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі қалада Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына шығатын жаңа алты жолақты магистраль салынатынын хабарлаған болатын.