Алматы өңіріндегі өзендерде сел жүруі мүмкін: мамандардың дайындығы қандай

Сурет: Zakon.kz
Алматы қаласы мен облысында дауылды ескерту жарияланды. Алдағы күндері тау өзендеріндегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Қырғызстан тұрғындарына да су басу қаупі туралы ескерту жасалды. Соңғы тасқындардан кейін мамандар сел қаупін ерекше бақылауға алып отыр.

Қандай сақтық шараларын ұстау қажет екенін толығырақ Zakon.kz тілшісі дайындаған ақпараттан біле аласыз.

Алматы мен оның маңындағы аумақтарда сел жүру қаупі әлі де сақталып отыр. Алдағы күндері күтіліп отырған нөсер жауын өзендердің тасуына және кейбір аумақтарды су басуына себеп болуы мүмкін.

Сурет: Zakon.kz

"24-26 шілде аралығында Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында, сондай-ақ Алматы қаласына жақын аумақтарда қатты жауын-шашынның болжануына байланысты беткейлік су ағыны қалыптасып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі деп күтілуде. Соның салдарынан өзендер арнасынан асып, жекелеген аумақтарды су басуы мүмкін. Егер су деңгейі қауіпті межеден асса, өзен жайылмаларында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарын және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады", – деп мәлімдеді Алматы қалалық ТЖД.

Сурет: Zakon.kz

Өзендер тәулік бойы бақылауда

Гидробекеттерде мамандар өзендердегі су деңгейін тұрақты бақылап отырады. Егер су қауіпті деңгейге жетсе, "Қазселденқорғау" мамандары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді.

"Қазіргі уақытта мониторинг 20 бақылау бекеті арқылы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 10-ы – маусымдық бекеттер. Олар биік таулы және орта таулы аймақтарда, оның ішінде жарылу қаупі жоғары мореналық көлдердің жанында орналасқан. Мореналық көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда, олардың жарылу қаупі тіркелген жоқ. Бақылау бекеттерінен ақпарат диспетчерлік қызметке тәулігіне үш рет түседі. Ал гидрометеорологиялық жағдай күрделенсе, ақпарат жедел түрде беріледі. Қазіргі таңда сел жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр". "Қазселденқорғау" ММ Алматы гидрогеологиялық-эксплуатациялық техникалық басқармасы

Сурет: Zakon.kz

Алматыны селден қорғайтын бөгеттер бар

Алматы қаласын селден қорғау үшін арнайы бөгеттер жұмыс істейді. Олар сел ағындарын ұстап қалып, оның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.

"Тау бөктеріндегі және төменгі таулы аймақтарда топырақ ұзақ уақыт бойы шамадан тыс ылғалданса, көшкін жүру қаупі де артады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан ауа райы толық тұрақталғанға дейін таулы аймақтарға бармауды, ресми дауылды ескертулер мен уәкілетті органдардың хабарламаларын мұқият бақылауды және қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз", – деді "Қазселденқорғау" мамандары.

Сурет: Zakon.kz

Сел қаупі маусымы қашан болады?

Алматыда маусымнан қыркүйекке дейін сел қаупі жоғары кезең саналады. Бұл кезеңде ауа температурасы көтеріліп, мұздықтар мен қар қарқынды ериді. Сондай-ақ, тауда нөсер жауын жиі жауады. Осының бәрі сел жүру қаупін арттырады.

"Сел қаупі кезеңін бақылау мақсатында қала аумағында мореналық көлдердің, өзен арналарының және гидротехникалық құрылыстардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Өзендердегі гидрологиялық бақылау 23 гидробекет арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде 13-і – "Қазгидромет" РМК-ға, 10-ы – "Қазселденқорғау" мекемесіне тиесілі. Сонымен қатар сел қаупі кезеңінде ең қауіпті учаскелерде қосымша 10 маусымдық бақылау бекеті жұмыс істейді". Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі:

Өзен жағалаулары бекітіліп жатыр

Сонымен қатар Алматыда өзен жағалауларын шайып кетпеу үшін жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде.

"Алматы қаласын 2030 жылға дейін дамытудың орта мерзімді жоспары аясында жалпы ұзындығы 37,5 шақырым болатын төрт өзенді қайта жаңғырту, жағалауын бекіту және абаттандыру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда: Үлкен Алматы өзені (№1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейін), Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мен ондағы гидротехникалық құрылыстарды күрделі жөндеу, Қарғалы өзені (Жандосов көшесінен Рысқұлов даңғылына дейін), Боралдай өзені мен оған іргелес аумақтарды абаттандыру. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін қала әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлінді", – деді Алматы қалалық ТЖД өкілдері.

Құтқарушылардың айтуынша, мореналық көлдер мен сел жүруі мүмкін өзен арналары тәулік бойы бақылауда. Мамандар үздіксіз гидрометеорологиялық жағдайды бағалап, сел қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шараларын жүргізеді.

Сурет: Алматы облысы әкімдігі

Еске салсақ, 2026 жылғы 1 шілдеде нөсер жауыннан кейін Ақсай өзені арнасынан асып, лай аралас су жақын маңдағы аумақтарды, автотұрақты және супермаркетті басып қалды. Сол күні Алматы облысындағы Қаскелең шатқалындағы тасқын жергілікті тұрғындар өз күштерімен салған көпірді ішінара қиратып кетті.

Қазіргі уақытта мамандардың мәліметінше, Алматының тау өзендеріндегі су деңгейі қалыпты жағдайда.

Сел қаупі кезінде қалай әрекет ету керек?

Қазақстандық құтқарушылар сел қаупі кезінде мынадай ережелерді сақтауға кеңес береді:

  • таудағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын үнемі бақылап отыру;
  • сел қаупі төнсе немесе сел кенеттен басталса, жер бедерінің ең биік нүктесіне көтерілу;
  • шатырлы лагерь құрмау;
  • сел жүруі мүмкін өзен арналарының маңында, көл бөгеттерінің үстінде немесе төменгі жағында демалмау;
  • сел қаупі бар өзеннің жоғарғы жағында нөсер жауын жауып жатқанын байқасаңыз, ол жерден дереу кету.

Мамандардың айтуынша, сел ағынына тап болған адамның аман қалуы өте қиын. Сондықтан ең дұрыс шешім – сел болатын жерлерден алдын ала аулақ жүру.

Қазақстан
Алматы облысы
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бірыңғай QR-код арқылы төлем жасағанда комиссияны кім төлейді – банк пе, сатушы ма, әлде сатып алушы ма

Қазақстанда әскери есепке алу ережелері өзгерді

ҰТО "грантқа түсіреміз" деген хабарламаларға қатысты ескерту жасады

Қазақстанда қайтадан +42°С ыстық болады

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді