ҚР Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) мәліметінше, полиция қызметкерлері бейнебақылау жүйесін пайдалана отырып, арнайы жарық және дыбыс сигналдарын қосып қозғалып келе жатқан жедел жәрдем көліктеріне жүргізушілердің жол беру талабын сақтауын бақылау мақсатында профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін бағалау, төтенше жағдайлар қызметінің көліктеріне дер кезінде жол берудің маңыздылығына қоғамның назарын аудару, сондай-ақ жолдағы өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін нығайту.
Бақылау нәтижесінде жүргізушілердің басым бөлігі жедел жәрдем көліктеріне дер кезінде жол бергені анықталды. Бұл азаматтардың жоғары жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетін көрсетеді. Сондай-ақ тұрғындардың адам өмірі мен денсаулығына бейжай қарамайтынын аңғартады.
Сонымен қатар кейбір жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамаған жекелеген жағдайлары тіркелді. Мұндай әрекеттер шұғыл медициналық көмектің көрсетілуін кешіктіріп, қиын жағдайда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
"Полиция барлық жүргізушіге арнайы жарық және дыбыс сигналдарын қосып қозғалып келе жатқан жедел жәрдем, полиция және өрт-құтқару қызметтерінің көліктеріне міндетті түрде жол беру қажеттігін еске салады. Жолдағы бір дұрыс шешім адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Әр секундтың маңызы зор", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.