Ақтас кентіндегі психиатриялық аурухана пациенттеріне қатыгездік көрсетілгені рас па

Фото: Zakon.kz
Алматы облысының Ақтас кентінде орналасқан республикалық психиатриялық аурухана пациенттеріне қатыгездік көрсетілгені туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат расталмады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство мәліметінше, Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттерге физикалық шектеу шаралары қолданылғаны, ықпал ету шарасы ретінде дәрілік препараттар пайдаланылғаны және олардың ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер жасалғаны туралы ақпарат ресми тексеру барысында расталмаған.

Instagram әлеуметтік желісінде пациенттердің құқықтары бұзылды деген ақпараттың жариялануына байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті аталған медициналық ұйымға тексеру жүргізген.

Жарияланым авторы өзінің жеке естеліктеріне сілтеме жасаған. Оның айтуынша, аталған оқиғалар 2008 жылы медициналық ұйымның 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болған. Бұл ретте автордың дербес деректері көрсетілмеген, ал сипатталған оқиғалар шамамен 18 жыл бұрынғы кезеңге жатады.

"Қоғамдық резонансты ескере отырып, медициналық көмек көрсету кезінде заңнама талаптарының сақталуы, психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмектің сапасы, сондай-ақ пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері тексерілді", – делінген хабарламада.

2026 жылғы 7 тамыздағы №127 тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес, пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, ықпал ету шарасы ретінде дәрілік препараттарды пайдалану және пациенттердің ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер туралы мәліметтер өз растауын таппаған.

"Осылайша, жарияланымда көрсетілген мәлімдемелер ресми тексеру барысында анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келмейді", – деп хабарлады министрлік.

Денсаулық сақтау министрлігі әрбір пациенттің құқықтарын, ар-намысы мен қауіпсіздігін сақтау сөзсіз басымдық болып табылатынын атап өтті.


"Психикалық бұзылыстарды диагностикалау және емдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады", – делінген хабарламада.

Министрлік медициналық көмектің сапасына және пациенттердің құқықтарының сақталуына бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сонымен қатар ведомство көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны үшін олардың мазмұны мен тарату мән-жайларына қарай Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік қарастырылуы мүмкін екенін ескертті.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Еңбек кодексі: тамыз айында не өзгереді және жұмыс берушілер нені білуі керек

Мектеп оқушыларының білімін бағалау жүйесін қайта қарау ұсынылды

Қазақстанның бірқатар өңірлеріне аптап ыстық қайта оралады - синоптиктер

"Ректор гранттары". Отандық ЖОО-лар қанша өзіндік білім беру грантын ұсынды

Синоптиктер тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады