2020 жылы Қазақстан Үкіметі "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға тиісті өзгерістер енгізіп, қаулы қабылдаған болатын. Содан бері жыл сайын 10 тамызда елімізде Абайдың есімі мен мұрасы дәріптеліп, әдеби оқулар, көрмелер, поэзия кештері ұйымдастырылады. Сондай-ақ дәстүр бойынша ақын ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады.
Абай 170-тен астам өлең мен 56 аударманың, сондай-ақ бірегей "Қара сөздердің" авторы. Композитор ретінде де мол мұра қалдырған. Жиырмаға жуық ән шығарған, олардың біразы бүгінге дейін халық арасында кеңінен орындалып келеді.
Биыл ұлы ақынның туғанына 181 жыл толуына орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да абайтану саласындағы жаңа білім беру жобалары мен ғылыми әзірлемелер таныстырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының қауымдастырылған профессоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Төрегелді Тұяқбайдың айтуынша, институттың басты мақсаты – Абай мұрасын сақтап қана қоймай, "Абайды тану арқылы адамның өзін тереңірек түсінуіне жол ашу".
"Университетте алты жылдан бері "Абай ілімі" атты жаңа пәнаралық пән оқытылады. Дәстүрлі абайтану негізінен ақынның шығармашылығы мен өмірін зерттеуге бағытталса, "Абай ілімі" оның философиялық ойларын қазіргі өмірде қолдануға басымдық береді. Бүгінде біз бұл пәнді жоғары оқу орындарында ғана емес, мектептерде де міндетті түрде оқытуды ұсынып отырмыз. Бұған қоғам тарапынан да сұраныс бар. Өйткені Абайдың мұрасы тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ құндылыққа айналуы керек", – деді Төрегелді Тұяқбай Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының қауымдастырылған профессоры Ләйла Мусаланың айтуынша, ақынның әділеттілік, адалдық және адамгершілік туралы тұжырымдары бүгінде "Әділетті Қазақстан" және "Адал азамат" ұғымдарымен үндесіп жатыр. Бұл құндылықтар ұлы ойшылдың философиялық мұрасы тұрғысынан жиі қарастырылады.
Оның айтуынша, сондықтан Абай шығармаларын тек формалды түрде оқып-үйренумен шектелмей, оның идеяларын күнделікті өмірде қолдануға басымдық беру маңызды.
"Абайдың өлеңдерін немесе өмірбаянындағы жекелеген деректерді білу жеткіліксіз. Ең бастысы – оның шығармаларының мәнін түсіну, ақынмен өзінше ойша сұхбат құру және оның өсиеттерін өмірлік шешімдер қабылдағанда бағдар ретінде пайдалану. Бүгінде заманауи абайтанудың басты міндеттерінің бірі де осы деп есептейміз", – дейді сарапшы.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында Абайдың "Қара сөздерін" ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" тізіліміне енгізу ұсынылды. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, шығарманы ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" тізіліміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданған.