Ерлан Исмағұлов уақытша немесе маусымдық жұмыстың еңбек құқықтарының да уақытша екенін білдірмейтінін атап өтті.
"Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер Қазақстанның еңбек заңнамасында көзделген негізгі кепілдіктерді пайдаланады. Маусымдық жұмыс деп климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір кезеңде – маусым ішінде орындалатын, бірақ бір жылдан аспайтын жұмыстар танылады. Еңбек шартында маусымдық жұмысты орындау шарты мен оның мерзімі міндетті түрде көрсетілуі керек. Маңызды кепілдіктердің бірі – маусымдық жұмысқа еңбек шарты жасалған кезде сынақ мерзімі белгіленбейді", – деді спикер.
Оның айтуынша, маусымдық және уақытша жұмыс істейтін қызметкерлер жалақыны уақтылы әрі толық алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына, белгіленген жұмыс және демалыс уақытына, әлеуметтік кепілдіктерге және еңбек құқықтарын қорғауға құқылы.
"Жұмыстың ұзақтығына қарамастан, жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жалақыны уақытылы төлеуге және заңда көзделген барлық кепілдіктерді беруге міндетті. Еңбек қатынастары тоқтатылған кезде пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны қоса алғанда, барлық түпкілікті төлем жасалуы керек", – деп атап өтті Ерлан Исмағұлов.