Астанада самокат мінген жасөспірімдер қоғамдық көлікке арналған арнайы жолаққа қарсы бағытпен шығып кеткен. Олардың бірі автобустың астына түсті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға туралы қазақстандық журналист Instagram-дағы парақшасында жазды.
Куәгерлердің айтуынша, автобус аялдамаға тоқтауға дайындалып жатқан кезде, оған қарсы бағытта дәл сол қоғамдық көлікке арналған жолақпен самокат мінген үш жасөспірім келе жатқан.
"Олар жылдамдықты азайтпай, автобус пен бордюрдің арасынан өтіп кетуге тырысты. Екеуі өтіп үлгерді, ал үшіншісінің жолы болмады. Бала аман. Бетінде сызат бар, бірақ жол-көлік оқиғасы болған жерден өзі кетіп қалған. Әрине, шок болғаны түсінікті. Бұдан шығатын бір ғана қорытынды бар: олар не өздерін өлмейтіндей сезінеді, не қауіпсіздік шараларын сақтауды білмейді", – деп жазды автор видеоның сипаттамасында.
Zakon.kz тілшісі оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді.
Ведомство мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 13 тамызда болған.
"Yutong маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі Түркістан көшесімен келе жатып, аялдамаға кірген кезде қоғамдық көлікке арналған жолақпен қарсы бағытта самокатпен қозғалып келе жатқан жасөспірімді қағып кеткен", – деп мәлімдеді Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.
Жасөспірім медициналық көмекке жүгінген. Кейін оған амбулаториялық ем қабылдауға рұқсат берілген.
"Тексеру жүргізіліп жатыр", – деп қорытындылады Полиция департаменті.
Бұған дейін Жетісуда көлігіне жалған нөмір таққан жүргізуші жауапқа тартылғанын жазғанбыз.